Белгілі әнші Нұрлан Еспанов 30 жылдан кейін көңілді болу өмірде ештеңе қамтамасыз етпейтінін түсінгенін айтты.
«Нұреке, ата сақалың аузыңа түсті ғой, әзіл айтқанша, ақыл айтпайсың ба дейтіндер көп. Кеше біреу «Нұрлан аға мен сізді жек көремін» деп жазып жіберіпті. «Сен жақсы көру үшін не істеуім керек еді?» деп жауап қайтардым. Бір күні бағдарламаға түсіп, жарнама жасап жатсам, «Нұреке, ашсыз ба?» деп жазыпты. «Тоқпын» дедім, басқа не айтамын? Оған өмірбаяныңды жазатын болсаң, бәрібір түсінбейді. Негізі күлдіріп жүру қиынның қиыны. 30 жылдан бері көңілді жүріп шаршаған адаммын ғой. Көңілді адамға ештеңе бұйырмайды екен. Көп жерде дұрыс түсінбейді. Пайдаланып қалғысы келеді. Керек кезінде шақырады, керек болмасаң сызып тастай салады. Сені қаражаты бар жерге шақырмайды, кішкене көтеріп береді деп құлайын деп тұрған жерлерге шақырады. Көтеріп алғаннан кейін сенің керегің де жоқ», — деп қапаланды өнер иесі.
Еске сала кетейік, таяуда Нұрлан Еспановтың үйленген ұлы Олжас Еспанов қайын ата атанған әкесінің еш өзгермегенін айтқан болатын.
«Негізі үйде болмайды ол кісі. Тек ұйықтауға келеді. Былай қарасаң, «квартирант» сияқты. Түсте тұрады да, кетіп қалады. Қатты ұялып жүрген жоқ, баяғыдай жүр», — дейді ол.
Оның сөзін Нұрлан Еспановтың өзі де растады.
«Өзім де қазір үйде болып жатқан жоқпын. Қонақтарды күтіп алып, шығарып салып жатырмын. Жүрмін ғой әйтеуір, әрі -бері шапқылап. Енді басталатын шығар қызықтар. Енді ұялуын ұяласың ғой. Бірақ келін өте жақсы. Біз көпшіл адамбыз. Біздің үйде адам көп пе, аз ба білінбейді. Тойды өткізіп алдық. Құдалықты күттік», — деді өнерпаз.