Абай облысының прокуратурасы «Семей орманы» кәсіпорнының филиалында жұмыс істеген адамдарды тексеріп, бірнеше қызметкерді қызметінен босатты.
Бородулиха ауданы прокуратурасының мәліметіне сәйкес, «Семей орманының» осы аудандық филиалында бұрын сотталған тұлғалар жұмыс істеген. Нақтырақ айтқанда, бірнеше қылмыс бойынша сотталған адам «отын дайындаудың заңдылығын тексеретін» маман болып жұмыс атқарған.
«Атап айтқанда, бұрын заңсыз ағаш кескені үшін сотталған адам, бөтен мүлікті ұрлау фактілері бойынша жауапқа тартылған адамдар жұмыс істеген. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылған арнайы техника жүргізушісі де еңбекке қабылданған», — деп хабарлайды прокуратура.
Айта кетейік, былтыр «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалының директоры мен жиырмадан астам қызметкері заңсыз ағаш сатты деген күдікпен полиция ұстап алған еді.