ҚР Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін енді Серік Мәнізоров басқаратын болды.
Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланған.
Айта кетейік, Серік Мәнізоров кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары болған Бағдат Мәнізоровтың ұлы.
Осыдан алты жыл бұрын Алматы облысы әкімінің орынбасары болған Бағдат Мәнізоров «қызметін асыра пайдаланып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген күдікке ілінген болатын. Бірақ, сол кездегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оның үстінен қылмыстық іс қозғаса да Бас прокуратура алдымен қылмыстық істі сұратып алып, кейін қылмыс құрамы жоқ деген себеппен оны мүлде жауып тастаған.
Ал, оның баласы Серік Мәнізоров 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2006 жылы West Coast университетін (Ұлыбритания) «Іскерлік менеджмент» мамандығы бойынша, 2009 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, 2010 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша және 2019 жылы Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын «Құрылыс» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан екен.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы Алмалы және Бостандық аудандарының әкімдіктерінде бастаған. Салық және мемлекеттік органдар құрылымында түрлі позицияларда жұмыс істеп, оның ішінде МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасы басшысының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының кеңесшісі және Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болған.