Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Мәжіліс танысқан 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылай отырып, алты маңызды дүниені атап өтті.
Оның айтуынша, республикалық алдағы үш жылдағы ел дамуын айқындайтын маңызды құжат. Онда ең алдымен Мемлекет басшысының Жолдауларында, сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттер қамтылуы керек.
«Десе де, бұл бағытта әлі де өзекті мәселелер жетерлік. Сондықтан бюджетті әлі де пысықтау, тиімділігін арттыру бойынша келесі жайттарға назар аударған жөн», — деген ол алты мәселені атап өтті.
Бірінші. Мемлекеттік сыртқы қарыздың шектен тыс өсуі.
Қазіргі таңда мемлекеттік борыш көлемі шекті межеден асып кетті, дейді Бейсенбаев. 2028 жылға қарай жалпы қарыз 57,5 триллион теңгеге жетіп, оған қызмет көрсету шығындары 4,5 триллион теңге болады. Бұл – бюджет шығыстарының 15 пайызы. Оның ішінде квазимемлекеттік сектордың шамадан тыс қарызы 2026 жылға қарай 70 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Бұл – Жалпы ішкі өнімнің 20,5 пайызы.
«Яғни ел экономикасының айтарлықтай бөлігі осы секторға тәуелді. Осылайша, мемлекет өзін-өзі борышқа тіреп отыр. Егер осы саясатты өзгертпесек, ертең біз қарызды емес, қарыз бізді басқаратын жағдайға жетуіміз мүмкін. Бұл – тек Үкіметті ғана емес, Парламентті де алаңдататын мәселе», — дейді ол.
Екінші. Квазимемлекеттік сектордың табысын қадағалау мәселесі. Былтыр тікелей «АМАNАТ» партиясының депутататтары «Самұрық-Қазына» қорының табыс дивидендтерінің 50 пайызын мемлекеттік бюджетке аудару мәселесін заңмен шегеледі. Бұл – шамамен 500 миллиард теңге қаражат.
«Алайда аталған соманы бюджет жоспарында көрмей отырмыз. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингін капитализациялауға жыл сайын 1 триллион теңге бөліну жоспарланып отыр. Үкіметтің пайымдауынша, бұл экономиканы ынталандыруға бағытталады. Бірақ, аталған қаражаттың негіздемесі жоқ, депутаттардың арқасында Үкіметтің кепілі берілді. 1 триллион теңге – өңірлердің бюджеттегі тапшылығын шешуге болатын қомақты сома», — дейді ол.
Сондықтан «Бәйтеректің» капитализациясына бөлінген қаржының әрбір теңгесі Мәжіліспен бірге нақтылануға тиіс.
Үшінші. Негізсіз және тиімсіз шығындар мәселесі.
«Жоғары есеп палатасының қорытындысы бойынша, 2,5 триллион теңге көлемінде жүйелік мәселелер анықталған. Атап айтқанда, құжаттардың сәйкессіздігі, жобалық-сметалық құжаттаманың дер кезінде дайындалмауы. Бұл – жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе. Мысалы, Еңбек министрлігі асыра болжау нәтижесінде 45,7 млрд теңге артық көздеген. Денсаулық сақтау саласында 52,4 млрд теңге артық шығын қарастырылған», — дейді Бейсенбаев.
Төртінші. Өңірлерді қолдауға бағытталған қаражаттың тапшылығы.
Мәселен, Бейсенбаев атап өткендей, «Ауыл – ел бесігі» жобасын келесі жылы қаржыландыруда да мәселе бар. Оны аяқтау үшін 183,4 млрд теңге керек екен.
«Бюджетте бұл соманың көзделмеуі де ауылды түлетуге арналған маңызды жобаның іске асуына қолбайлау болмақ. Сондай-ақ, Үкімет 2026 жылға даму бюджетін екі есеге азайтты. Қазір тапшылық шамамен 1,9 триллион теңгені құрап отыр. Ал басталып, 2026 жылы аяқталатын жобалардың өзіне 878 миллиард теңге қаражат бөлінбей отыр. Бұл дегеніміз құбыры бар, суы жоқ, іргетасы бар, қабырғасы жоқ, уәдесі бар, ісі жоқ жүздеген жоба келесі жылы аяқсыз қалады деген сөз. Ол туралы «АМАNАТ» Фракциясының депутаттары дабыл қағып жүр», — деді депутат.
Бесінші. «Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бірегей жоба. Алайда осы ұлттық жобаның ахуалы алаңдаушылық туғызып отыр. Қазірдің өзінде бұл жобаны жай ғана ұстап тұру үшін 54 миллиард теңге жетпейді екен.
Алтыншы. Көптеген монополистер өздерінің үстем жағдайын теріс пайдаланып отыр, дейді Бейсенбаев.
«Мәселен, олардың көрсететін 750 түрлі қызмет түріне тарифтер мемлекет тарапынан реттелмейді. Тарифтерді инвестицияға айырбастау жобалары тек мемлекет бастамасымен жүзеге асырылады. Ал монополистер керісінше опрессовка, пломбалау, қосу және басқа да реттелмейтін қызмет түрлерінің бағасын көтеру арқылы артық пайда табуда. Соның салдарынан олар инфрақұрылымды жаңартуға мардымсыз қаражат бөледі, бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың (ТКШ) жаңғыртылуын тежейді. Міне, қосымша бюджеттік кіріс көздерін дәл осы жерден іздеу керек!», — дейді Бейсенбаев.
Дегенмен, Бейсенбаев айтқандай, сыртқы сын-қатерлерге, санкциялық қысым мен күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстан бюджеті тұрақтылығын сақтап отыр.
- Біріншіден, 2024 жылы бюджет кірістері 44 миллиард АҚШ долларынан асты.
- Екіншіден, ел бюджеті өзінің әлеуметтік бағытын сақтап келеді – жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыларды индекстеуге 1 триллион теңге бөлінеді.
- Үшіншіден, бізде сенімді қаржылық «қауіпсіздік жастығы» бар.
Жыл басынан бері алтын-валюта резерві мен бағалы қағаздар қоры 25%-ға өсіп, 57 млрд долларға жетті. Ұлттық қордың көлемі – 62 млрд доллар. Барлығы қосқанда – 64 трлн теңге, яғни бұл мемлекеттің үш жылдық табысына тең.
«Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2026 жылғы республикалық бюджет жобасында 9 трлн теңге қарастырылған. Мұның нақты дәлелі – инициатива көтерілген заң жобаларының 80 пайызы AMANAT фракциясы депутаттарының әзірлеуімен дайындалған. Сонымен бірге, AMANAT фракциясы Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді шектеуді табанды түрде талап етті, өйткені бұл – келер ұрпақтың ақшасы. Биылғы бюджетте Ұлттық қордан мақсатты трансферттер мүлде қарастырылмаған. Біздің бастамамызбен әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен кітап баспа ісіне ҚҚС нөлге теңестірілді, ҚҚС шегі 15 млн-нан 40 млн теңгеге дейін көтерілді, бұл шағын бизнесті қорғауға мүмкіндік берді», — деді Бейсенбаев.
Сөз соңында фракция жетекшісі партияның ұстанымын жариялап, өз пікірін айтты.
«AMANAT фракциясының ұстанымы: бюджетке қарсы дауыс беру – өз бұтағыңды кесумен тең. Өйткені, әр депутат «бюджетке қарсы дауыс беру – жарты миллионнан астам мұғалім, үш жүз мың дәрігер, әскерилер мен ондаған мың мемлекеттік қызметкерлер жалақысынсыз қалады деген сөз» екенін түсінуі керек. Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар, жетім балалар, жалғызбасты аналар және 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік төлемсіз қалады. Сондықтан халықтың осы санатының мүддесін басшылыққа алған саналы депутат бұл бюджет жобасын қолдауы тиіс. Біз Мәжілістегі парламенттік басымдыққа ие партия ретінде мәселелерді ашық әрі бүкпесіз көтереміз. Түйткілдер шешімін тапсын деп қатты да айтамыз. Өйткені ел алдындағы жауапкершілікті түсінеміз. Бүгінгі бюджетке де қолдап дауыс беру – сол жауапкершіліктің айқын көрінісі», — деді ол.