Семейде ата-аналар жаңа мектептің асханасында тамақтан кеміргіш табылғанын айтты. 11-сынып оқушысы сатып алған тағамнан тышқанның терісіне ұқсайтын қыл-қыбыр шыққан, деп КТК-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Семейдің білім бөлімі, санитарлық мамандар астың арасынан нақты не шыққанын анықтап жатқанын айтады. Алайда тазалыққа жауапты мекеме мектепте «тексеріс жүргізілген жоқ» деп отыр. Өйткені ата-аналардан арыз түспеген. Ал білім бөлімі санитарлар жалған сөйледі деп отыр.
Тышқан қосылған тоқашты 11 сынып оқушысы мектептің асханасынан сатып алған. Бір тістегенде тіліне қыл-қыбыр жабысқан. Денесі түршігіп, жиіркеніп қалған ол, бірден директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына хабарлапты. Алайда мектеп ұжымы бұл мәселені сыртқа шығармауға тырысқан дейді ата-аналар.
Ата-аналардың айқайынан кейін білім бөлімінің мамандары сараптама тобын құрып асхананы тексерген. Тіпті мектептегі бақылау камераларында астан жүн тапқан оқушының «асханаға кіргені көрінбейді» дейді. Дегенмен санитарлық дәрігерлерді шақыртып, тексеріс жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Бүгін осы мектептегі тамақ дайындау технологиясын СЭС мамандары бақылайды. Заң бұзуға жол бергені анықталса, кінәлі адамдар жазаланады. Олар кеше де, бүгін де жұмыс істеп жатыр», — деп атап өтті Семей қаласы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Руфия Файнуллаева.
Алайда санитария-эпидемиологияны қадағалаушы мамандар білім бөлімінің өтірігін шығарды. Олар мектеп асханасында тексеріс түгілі, тіпті бармағанын айтады. Себебі тағамнан тышқан шықты деп ешкім арыз жазбаған.
«Статистика бөліміне тексерісті тіркеу жөнінде бүгін ғана беріп отырмыз. Себебі бізге бүгін ғана шағым түсіп отыр. Оның өзінде біз арызданушыға тікелей хабарласып, оның құқығын түсіндірдік. Өтініш түсіруге құқығы бар екенін түсіндіргеннен кейін ғана шағым түсіп отыр», — дейді Семей қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев.
Осылайша мамандар тексеріс жүргізу туралы өтініш берушіні өздері тауып алған. Енді білім ошағының асханасын жоспардан тыс мұқият тексермек ниетте. Ал оқушылардың базынасын бұғып қалған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс жарияланды.