Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Алматыда өткен «Қайрат-Реал» матчы кезінде трансляцияның неге жиі үзіліс жасағанын түсіндірді.
«Реалдың Қазақстанға келгені біз үшін үлкен оқиға болды. Реал әлемге әйгілі команда, біздің білуімізше, оларды бір уақытта тамашалайтын көрермендер саны кейде бір миллиардқа дейін жетеді. Енді дәл сол кезде «Qazaqstan» телеарнасының интернет порталында сондай кідіріс болды. Тек сол жерде ғана. Бірақ эфирді телевидение, кабельді телевидение, спутниктік телевидение – бәрі істеп тұрды»,- деді Мұсалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір адамдар теледидарды аз қарайды да, керісінше көп нәрсені интернеттен көре бастаған.
«Бір уақытта біздің білуіміз бойынша көрермендер саны 500 мыңнан астам, тіпті 3-4 миллионға дейін көтеріліп кеткен. Ондай бізде ешқашан болмаған. Бірақ біз осыдан сабақ алып, «Qazaqstan» телеарнасы және Қазақтелеком компаниясымен бірге тиісті шаралар қабылдадық, олар өздерінің серверлік қуатын 4-5 есе көбейтті, сондықтан болашақта мұндай оқиғалар болмайды», — деп жауап берді вице-министр.
Естеріңізге салайық, 30 қыркүйек күні Алматыда өткен тарихи матчта «Қайрат» командасы «Реалдан» 0:5 есебімен ұтылып қалды.