Қостанай облысында сот мас күйінде жол апатын жасап, учаскелік инспектор, полиция подполковнигі Батырсайым Зайтиновтың өліміне себеп болған жүргізушіге үкім шығарды.
Жол апаты қалай болды
Облыстық соттың мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында сотталушы Федоров ауылында мас күйінде «Volkswagen Touareg» автокөлігін жүргізіп, бағыттас келе жатып, солға бұрылған «ВАЗ 21214» автокөлігімен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған», — деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленуші тарап заңға сәйкес ең ауыр жаза кесуді сұрады.
Сот үкім шығарды
Жаза кесу кезінде сот сотталушының өз кінәсін толық мойындауын және шынайы өкінішін жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот сотталушының істеген әрекеттерінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайын ескере отырып, оны қылмыстар жиынтығы бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын кесті», — деп хабарлады сот.
Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылып, сотталғаннан моральдық зиян мен келтірілген материалдық шығын өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.