Қазақстанның Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) шикізат қабылдау уақытша тоқтатылуына байланысты мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған Астана мен басқа да аймақтарда газ тапшылығы туындауы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Орынбор ГӨЗ жұмысының тоқтатылуы Қазақстанға газ жеткізілуіне кері әсерін тигізеген жоқ.
«БАҚ пен әлеуметтік желілерде таралған «Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға газ қалыпты режимде, толық көлемде және еш шектеусіз жеткізілуде», — деп жазылған хабарламада.
Газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етілуде. Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылуда. Сондықтан ішкі тұтынушыларға, оның ішінде елордалық ЖЭО-да газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды.
«Серіктестердің ақпаратына сәйкес, жақын арада Орынбор ГӨЗ-де газ қабылдау қайта басталады деп жоспарланып отыр. Уақытша шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылаулы түрде азайтты», — дейді ведомство мамандары.
Аталған шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. ГӨЗ қалыпты жұмысына көшкеннен кейін өндіріс көлемі жоспарланған деңгейде қайта жалғасады.
Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған ақпараттарға жол бермеуге шақырды.