Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында отбасылардың әл-ауқатын анықтайтын скорингтік модель арқылы мемлекеттен қолдау алғысы келгендер арасынан ауқатты адамдар табылған.
Төрт мемлекеттік қызмет толығымен ілкі жобаға енген, 26,1 мың өтініш қаралды. Атап айтқанда, «Тұрғын үй көмегін тағайындау», «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау» және «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» сияқты үш қызмет пилоттық аймақтарда скорингтік модель арқылы жүзеге асырылды.
«Пилоттық жоба аясында тұрғын үй көмегі түріндегі қолдауға 1215 адам өтініш білдіріп, барлық өтініш қанағаттандырылды. Ал, жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға 1268 өтініш түскен. Олардың арасында 484 отбасының әл-ауқатының жоғары деңгейі анықталды», — деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» қызметіне 1 қыркүйектен бастап 1256 өтініш түскен. Ұпай саны бойынша оның 32-сі әл-ауқаты бойынша 6-санатқа жататын, яғни, ауқатты отбасы екені белгілі болған.