Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өтетін Цифрлық штаб отырысында Astana Hub-тың технопаркін кеңейту туралы шешім қабылданған.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, технопаркте мультимедиа, ойын дизайны мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз ету стартаптары да жұмыс істей алады.
«Цифрлық штабтың шешімімен Alem.cloud ұлттық суперкомпьютерлік орталығында есептеу ресурстарын бөлу қағидалары бекітіледі. Кейін бұл бағытта тиісті нормативтік-құқықтық акт қабылданып, ғылым мен жоғары білім ұйымдарына қолдау көрсету шаралары басталады. Сонымен қатар, Astana Hub IT-стартаптар технопаркі қызметінің басым бағыттары кеңейеді. Олардың қатарына мультимедиа, ойын дизайны мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және түрлендіру, киберспорт сияқты жаңа бағыттар енеді», — деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін үкімет Меморгандар жеке-жеке қосымша әзірлеуді тоқтатып, eGov пен Aitu платформаларына бірігетіні туралы шешім қабылдаған еді.