Ресейлік теннисші Даниил Медведев Алматыдағы ATP 250 турнирінде жеңімпаз атанды.
Жекелей сында әлемнің 14-ракеткасы Медведев және 41-орын иеленген франциялық Корентен Муте чемпиондық атақ үшін бақ сынасты.
«Бірінші партия 7:5 есебімен ресейлік теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші сетте франциялық спортшының жеңісі – 6:4. Шешуші сетте Медведев 6:3 есебімен жеңді», — делінген Қазақстан теннис федерациясының хабарламасында.
Даниил Медведев ATP турнирлерінде қырқыншы рет финалға шығып, 21-титулын иеленді. Ол бұған дейінгі чемпиондық атағына 2023 жылдың мамыр айында қол жеткізген еді.
«Кейде ойыныма көңілім толмайды. Бірақ жеңістің орны бөлек. Бұл – матчтың ең маңызды кезеңінде жақсы ойнадым деген сөз. Әсіресе, шешуші гейм ерекше болды. Титулды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Осымен 21 қалада 21 трофейге ие болдым», — деді Медведев ойыннан соң.
Жұптық сында франциялық Тео Аррибаж бен Альбано Оливетти жеңіске жетті. Олар финалда германиялық Якоб Шнайттер мен Марк Вальнерді ұтты – 6:4, 7:6 (10:8).
Аррибаж жұптық сында ATP турниріндегі екінші, ал Оливетти үшінші титулын жеңіп алды.
«Бұл керемет апта болды. Біз бабымызға келіп, нағыз команда ретінде ойнадық. Күрделі матчтар болды, бірақ аяғына дейін күресіп, жеңудің амалын таптық. Алматыдағы жеңісімізге өте қуаныштымыз. Бұл ATP 250 деңгейіндегі тамаша турнир болды. Жарыс жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Жанкүйерлерге көп рахмет», — деді турнир чемпиондары матчтан соң.