Ақтау маңындағы ұшақ апатында зардап шеккен «Әзербайжан әуе жолдары» (AZAL) компаниясының жолаушысы қатерлі ісіктен көз жұмды.
Lent.az сайтының мәліметінше, Embraer 190 ұшағының жолаушысы, Загатала қаласының тұрғыны Нурулла Сираджов 18 қазан күні таңертең өз үйінде қайтыс болды.
Oxu.az порталының хабарлауынша, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Нурулла Сираджов әйелімен бірге Грозныйда тұратын ұлына қонаққа бара жатқан еді. Ұшақ апатынан ерлі-зайыпты ауыр жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Сираджов қатерлі ісікке шалдыққан болатын. Ол Грозныйға ота жасату үшін де жолға шыққан. Алайда ұшақ апатына байланысты операция жасалмаған, Сираджов жарақаттармен Баку ауруханасына жеткізілді.
Ол ұшақ апатында алған жарақатынан айыққанымен, қатерлі ісік ауруын жеңе алмады.
Естеріңізге саламыз, «Әзербайжан әуе бағыттары» әуе компаниясына тиесілі Embraer ұшағы 25 желтоқсан күні Ақтау маңында құлады. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан еді. Бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстаннан жалпы 67 адам, оның ішінде экипаждың бес мүшесі болды. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты, 29 адам тірі қалды.