Солтүстік Қазақстан облысында рекордтық көлемде астық жиналды, 24.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті диқандар биыл егіс алқабының әр гектарынан 20 центнерден бидай жинады. Ауыл шаруашылығы басқармасы берген соңғы мәлімет бойынша бүгінгі таңда өңірде 6 млн 300 мың тонна егін жиналды.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,5 млн гектар жерге дән себілді. Орақ науқаны аяқталуға жақын. Диқандар орташа есеппен гектарынан 20 центнерден бидай жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
«Кейбір егін алқаптары 60 центнерден өнім берді. Майлы дақылдар да мол болды. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына Үкімет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп жатыр. Диқандарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге төмен пайыздық несие берілді», — дейді «Полтавское» ЖШС директоры Елтай Зікірин.
Биыл орақ науқанына Үкіметтен 82 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның бір бөлігі егінді кептіруге үлестірілді. Қазір облыс бойынша 900 мың тоннаға жуық майлы дақыл жиналды.
«Қазір майлы дақылдарға басымдық беріп жатырмыз. Биыл рапс жақсы шықты. Әр гектарынан 3 тоннадан өнім түсті. Картоп, сәбіз де мол болды. Ал бидайдың сапасы өте жақсы. Бұл мемлекеттің зор қолдауы арқасында деп білеміз», — дейді «Астық – STEM» ЖШС директоры Сергей Звольский.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен солтүстік қазақстандық диқандарға 160 млрд теңге қаржылай көмек көрсетілді.
«Мемлекеттің қолдауы өте зор. Қазір миниралды тыңайтқыштардың басым бөлігі субсидияланады. Одан бөлек «Кең дала» бағдарламасы бойынша егін себу кешендері мен тракторлар сатып алдық», — деп түйіндеді «Vishnevskoe GCK» ЖШС директоры Павел Рафальский.