Көкшетауда BMW жүргізушісі полициядан қашып, жол жиегіндегі металл қоршауға соғылды. Кейін оның мас болғаны және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
Мас жүргізуші патруль талабына бағынбады
Оқиға 18 қазан күні түнгі сағат 1 шамасында болды. Патрульдік полиция дүкен маңынан шыққан BMW көлігін байқады.
«Көлік патрульді көріп, жылдамдығын күрт төмендетті. Бұл күдік тудырып, полиция тоқтату белгісі берді. Алайда жүргізуші талапты елемей, қаша жөнелді», – делінген полиция мәлімдемесінде.
Полицейлер көлікті қуып бара жатып, қауіпсіздікті мұқият қадағалады. Алайда жүргізуші басқаруды жоғалтып, темір қоршауға соғылды.
Жүргізуші бұрын да жазаланған
Тексеру барысында ер адамның орта деңгейдегі мас екені анықталды. Оның екі жыл бұрын дәл осындай құқық бұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.
«Алдыңғы жазадан сабақ алмаған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оның көлік басқару құқығынан айырылған күйде мас болып рөлге отырғаны расталды», – деп хабарлады Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.