Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жылы туған Ернұр мен Ернар Шаймардан қазір өрт сөндіру және құтқару қызметінде қатар жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Егіздердің бірі Ақсу қаласында аға инженер болып қызмет етсе, екіншісі Павлодар қаласында өрт сөндіру-құтқару бөлімінде істейді. Олар мектеп кезінен спортпен айналысып, осы салаға ерте жасынан кірісті.
Ернар мен Ернұр Шаймардан 1995 жылы 25 қаңтарда Павлодар облысында дүниеге келген.
«Оқушы кезімізден бауырым екеуміз өртке қарсы қолданбалы спортпен шұғылдана бастадық. Командалық және жеке жарыстарда жүлделі орындарға ие болдық. Осы кездерден өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде жолымызды бастауға негіз қаланған. Мектепті бітірген соң, Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсуге бел будық. Мен қосымша іріктеуден өтіп, Ресейдің Екатеринбург қаласындағы Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің Орал институтына қабылдандым. 2025 жылы оқуымды аяқтап, Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөліміне жіберілдім. Қазір сонда қызмет атқарудамын. Өкінішке қарай, бауырым академияға түсе алмады, кейін Павлодарда өрт сөндіруші болып жұмысқа кірісті», — дейді Ернұр.
Ернардың құтқару саласындағы еңбек жолы 2017 жылдың 1 ақпанында басталды. Алғаш рет жер үйдегі өртті өшіруге барды. Осы оқиғадан есінде қалған қорқынышты жағдайды әлі күнге дейін еске алады.
«Екі автоцистерна өртеніп жатыр деген хабар түсті. Біз дереу барып, өртті сөндіріп, цистерналарды салқындатуға кірістік. Сол сәтте әріптесімнің бірі цистернаға шығып, ішіндегі жалынды өшіруге тырысты. Кенет жарылыс болды. Екі өрт сөндіруші жарақат алды. Бірінің беті күйіп, екіншісінің екі аяғы сынған еді. Бұл көрініс әлі күнге дейін көз алдымда», — дейді Ернар.
Ернар уақыт өте келе жұмыстың ерекшелігіне бейімделген.
«Өрт сөндірушілер апатты жағдайларда салқынқандылық танытып, кәсіби шеберлігін көрсетуі керек»,- дейді ол.
Екі бауыр қауіпті мамандық таңдаған кезде, ата-анасы оларға қолдау білдіріп, әрқашан түсіністікпен қарайды. Әр төтенше оқиға кезінде олар ата-анасына амандықтарын хабарлап тұрады.
«Әр төтенше жағдайдан немесе өзге ауданға өрт сөндіруге аттанғанда олар уайымдайды. Сондықтан әрқашан бәрінің жақсы екенін айтып, хабар береміз», — дейді Ернұр.
Соған қарамастан, Ернұрдың пікірінше, қызметінің жағымды тұстары көп. Ұжымды командалық рух біріккен, әріптестер бір-біріне қолдау көрсетіп, қиын сәтте демеу болады.
«Ернар Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді, ал мен Ақсу қаласының төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет атқарамын. Оның әріптестерімен де бауырымдай сыйласамын. Азаматтық қорғау саласында 11 жылдан астам уақыт қызмет етудемін. Адам өмірін қорғауды ең қадірлі жұмыс деп білемін. Мен Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын», – дейді Ернұр.
Ернар да бауырының сөзін қуаттап, қиын кезде көмек көрсету өзінің нағыз азаматтық борышы екенін атап өтті.