Қазақстандық спортшылар Италиядағы ITF таэквондо әлем чемпионатында 39 медаль иеленді.
Бұл жетістікке 10 алтын, 10 күміс, және 19 қола медаль арқылы жетіп, жалпы командалық есепте 60-қа жуық елдің арасында 5-орын алынды. Сонымен қатар, Қазақстан 2029 жылы ITF Таэквондо әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.
Италияның Йезоло қаласында 3-13 қазан аралығында өткен ITF таэквондо бойынша XXIII әлем чемпионатында ағайынды Азамат пен Бексұлтан Көптілеу әлем чемпионы атанды. Олардың спортпен айналысуы 5-6 жасынан басталған.
Қазақстан атынан 72 таэквондошы қатысып, жас санаттары бойынша жекелей және командалық спарринг, формалды жаттығулар, өзін-өзі қорғау, арнайы техника және күштік сын бойынша жарысып, 39 медаль жеңіп алды.
«Әлем чемпионаты — таэквондошылар үшін ең жоғары жетістік. Бұл жарыс біз үшін өте маңызды. Екі жыл бойы қызу дайындалдық, ұжым болып атсалыстық. Тыңғылықты жаттығудың арқасында осындай жетістікке жеттік», — деді Қазақстан таэквондо ITF қауымдастығының президенті Ерлан Исекешов.
Екі жыл бұрын әлем чемпионаты Астанада өткен болатын, сол кезде Қазақстан командалық есепте 4-орын алған. Қытайда өтетін келесі ITF таэквондо бойынша әлем чемпионатынан кейін, Алматы қаласында ұйымдастырылмақ.
2029 жылы Қазақстанда өтетін ITF Таэквондо әлем чемпионатын өткізу құқығы Италияда өткен әлем чемпионаты аясында Таэквондо халықаралық федерациясының конгресінде қабылданды.