Алматыда балалар арасында желшешек ауруы күрт көбейді. Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дерегінше, 2025 жылдың тоғыз айында сырқаттану деңгейі 38,8% артқан, Қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасап.
183 бала ауруханаға түскен
Аурухана директоры Ержан Сералиннің айтуынша, осы кезеңде 183 бала түрлі дәрежедегі ауыр симптомдармен емханаға жатқызылған.
Өткен жылмен салыстырғанда асқынған түрлері 41% көбейген. Көбіне орталық жүйке жүйесі мен тыныс жолдарының зақымдануы тіркелген.
«Науқастардың басым бөлігі – мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалар (61,7%). Өкінішке қарай, желшешекке қарсы вакцина ұлттық егу күнтізбесіне енбеген, сондықтан ұжымдық иммунитет тек аурудан кейін қалыптасады», – деді дәрігер.
Реанимацияға түскендер жоқ
Сондай-ақ, Ержан Сералиннің айтуынша, желшешекпен ауырған балалардың арасында реанимацияға түскендер болмаған. 1–14 қазан аралығында жансақтау бөліміне екі жақты пневмония, жедел ішек инфекциясы және тыныс жетіспеушілігімен ауырған 14 бала түскен.
Дәрігерлер ата-аналарға ескерту жасады
Мамандар респираторлық және жұқпалы аурулар өршіп тұрған кезеңде дәрігерге уақытылы қаралудың маңызын атап өтті.
«Өзін-өзі емдеу және ауруды кеш анықтау асқынуларға әкеледі. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған сәттен дәрігерге жүгіну қажет», – деді Ержан Сералин.