Қазақстан ІІМ елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұйымдасқан қылмыс, есірткі және интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бағыттарындағы мәліметтерді жариялады.
Ұйымдасқан қылмыс және табиғи ресурстар
Тоғыз ай ішінде 70 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, олардың 13-і трансұлттық деңгейде әрекет еткен.
Барлығы 248 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Министр табиғи және биоресурстарды заңсыз өндірумен күресті күшейтуді тапсырды.
«Ауылда мал – халықтың табыс көзі. Сондықтан мал ұрлығына қарсы профилактикалық шараларды арттыру қажет», – деді министр Ержан Сәденов.
Тұрмыстық зорлық және отбасындағы қауіпсіздік
Осы тоғыз айда 70 мыңнан астам қорғаныс ұйғарымы шығарылып, 16 мыңнан астам құқық бұзушыға шектеу қойылды. Дағдарыс орталықтарына 6,5 мың әйел мен бала жіберілген.
Жасөспірімдер қылмысы
Жасөспірімдер қылмысы бойынша 1 600-ге жуық факт тіркелген. 107 мыңнан астам ата-ана балаларын қараусыз қалдырғаны үшін жауапқа тартылды. 1 900 кәсіп иесі кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта кіргізгені үшін жазаланған.
Есірткі мен интернет-алаяқтыққа қарсы шаралар
Ішкі істер министрі есірткімен күрестің кешенді жоспарын тездетіп бекітуді, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Басты мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі мен полицияға деген сенімді арттыру», – деді министр Ержан Сәденов.