Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған күннен бері авиациялық құтқару саласында қызмет етіп жүрген ұшқыш Қалдыбек Асанов тілшіге 30 жылдық тәжірбиесіндегі есте қалған сәттері мен қазіргі әуе саласының дамуы туралы әңгімелеп берді.
Қалдыбек Асанов еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда аймақтық әуе құрамынан бастап, 2019 жылы ТЖМ «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының ұшқыш-нұсқаушысы болып жұмысқа орналасты. Ол Түркия мен Қазақстандағы ірі орман өрттерін сөндіруге қатысқан.
«2021 жылы біз Алматыдан Ақтау арқылы Грузияның Тбилиси қаласына, одан әрі Түркияның Даламан қаласына бардық. Сол жақта орман өрттерін сөндіруге қатыстық. Ресей, Әзербайжан, АҚШ және басқа да елдерден келген әріптестермен бір әуежайда жиналып, ары қарай жұмысұқа кірістік. Біздің топта шамамен 16–20 адам болды. Өрттің аумағы өте үлкен еді, күндіз-түні жұмыс істедік, шамамен екі апта сонда болдық», — деп еске алады ол.
Қалдыбек Асанов «Семей орманы» өртенген кезде тікұшақтың штурвалында отырып, қызыл жалынмен арпалысты. Ол Абай облысындағы орман өртін өзінің көпжылдық тәжірибесіндегі ең қиын сәттердің бірі ретінде еске алады.
«Алматыдан тікұшақпен бір сағатта көтеріліп, үш сағатта жетіп, бірден жұмысқа кірістік. Он шақты борт қатар ұшты. Өрттің аумағы үлкен болды, қою түтін көзімізді байлады, жел бағыты жиі өзгеріп тұрды. Өзен, көлдерден су алып, жоғарыдан төктік. Тілсіз жау елді мекендерге жетпесе екен деп бар күшімізді салдық», — дейді ұшқыш.
Кейіпкеріміз Атырау облысындағы су тасқыны кезінде гуманитарлық көмекті жеткізген экипаж құрамында да болған. Қызыл су басқан аудандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарып, тұрғындарға алғашқы көмек көрсеткен.
«Кұлсарыға барып, гуманитарлық жүктерді тиеп, тікұшақпен шалғай ауылдарға ұштық. Су деңгейі көтеріліп, жолдар жабылып қалған еді. Халыққа ең қажетті заттарды әуе жолымен жеткіздік», — дейді ол.
Қалдыбек Мәдибекұлы кейде санитарлық авиация рейстерін де орындайды. Алыс елді мекендерден науқастарды, жаңа туған сәбилер мен аналарды облыстық ауруханаларға тасымалдайды.
Бүгінде тәжірибелі ұшқыш өз ісін жастарға үйретіп, болашақ мамандарды тәрбиелеп жүр.
«Қазір авиация саласына келіп жатқан жастардың деңгейі жоғары, білімді. Академияларда жақсы дайындықтан өтеді. Біз өз тәжірибемізді бөлісіп, оларды ұқыпты, жауапты ұшқыш болуға баулимыз», — дейді ол.
Пилоттың айтуынша, соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің авиация саласы заманауи техникамен жабдықталып, базасы жаңарған.
«Бұрын ескі тікұшақтармен жұмыс істейтінбіз. Қазір ТЖМ құрамында Ресейдің Ми-171, Ми-8АМТ, және француздық Airbus H-145 сияқты заманауи тікұшақтар бар. Олар биік тауларда ұшуға бейімделген, түнде және нашар ауа райы кезінде ұша беруге болады», – дейді ол.
Жаңа тікұшақтар GPS жүйесімен, цифрлық навигациямен және өрт сөндіруге арналған су төгу құрылғыларымен жабдықталған.
«Қазір 3-5 тонна су көтеріп, дәл нысанға төгуге болады. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған», — дейді Қалдыбек Мәдибекұлы.
Оның сөзінше, техниканың жаңаруымен қатар ұшқыштардың даярлығы да жақсарған.
«Қазір жас мамандар арнайы жаттықтыру құралдарымен дайындалады. Бұрын шетелге барып оқитынбыз, енді өзімізде оқу орталығы бар. Диспетчерден бастап құтқарушыға дейін, ұшқыштар мен техника мамандарының әрқайсысы өз ісін ұқыпты атқарады», — дейді ол.
Бүкіл саналы ғұмырын адам құтқаруға арнаған Қалдыбек Асанов жауапты маман, ұстаз, үлгілі әке. Жұбайы екеуі төрт перзент тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары жоғары оқу орындарында білім алса, кенже ұлы мектепте оқиды.