Астанада аула сыпырушылар мен жөндеушілер сияқты азаматтардың заңсыз жұмысқа алынғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін және шетелдік жұмыс күшін заңсыз қабылдауды анықтау мақсатында мигранттар еңбек етуі мүмкін нысандарда рейдтер мен тексерулер жүргізіліп жатыр.
«Іс-шара барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Мәселен, жұмыс берушілердің бірі 40-тан астам шетелдік азаматты ауланы тазалау жұмысына заңсыз тартқан.
Сондай-ақ шамамен 30 мигрант рұқсат құжаттарынсыз еңбек еткен қоқыс өңдеу кәсіпорны анықталды. Бұдан бөлек, жеке жағдайда тұлғасын және елде болу құқығын растайтын құжаттары жоқ адамдардың жөндеу жүргізгені белгілі болды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Барлық жұмыс беруші мен көші-қон ережелерін бұзған шетелдік азаматтар жауапкершілікке тартылды.
Полиция көші-қон заңнамасын бұзғаны және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жаза мен елден шығару көзделгенін еске салды.