Жамбыл облысының Меркі аудандық соты қарызға батқан мұғалімнің төлем қабілетін қалпына келтіру туралы арызын қанағаттандырды.
«Сот хроникасы» медиа-жобасының 27-ші шығарылымында хабарланғандай, физика пәнінің мұғалімінің бес банк алдында жалпы сомасы 14 миллион теңгеден астам тұтынушылық несие бойынша берешегі болған.
Іс материалдарына сәйкес, ол соңғы 16 жыл бойы өз баспанасынсыз, жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп келеді. Оның ай сайынғы несие төлемдері 500 мың теңгеден асып, ал орташа айлық шығыстары 170 мың теңге шамасында болған.
Қиын қаржылық жағдайға тап болған мұғалім соттан ай сайынғы төлемдердің мөлшерін азайта отырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын құруға мүмкіндік беруді сұраған.
Бес банктің төртеуі талапты қанағаттандырмауды сұраса да, сот арыз берушінің дәлелдерін негізді деп тапты. Сот оның әрекеттерінде жосықсыздық белгілері жоқ екенін атап өтті.
Нәтижесінде сот азаматша Т.-ның өтінішін қанағаттандырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру процедурасын қолдану туралы шешім шығарды. Мұғалімге қарызды өтеу жоспарын әзірлеуге уақыт берілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.