Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылында парақорлардан қайтарылған ақшаға орталықтандырылған ауызсу жүйесі салынды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов, Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин, аудан прокуроры Асқар Дастан және ауыл тұрғындары қатысты.
Облыс прокуроры Руфат Құттықов ауыл тұрғындарын жаңа су құбыры желісінің аяқталуымен құттықтап, бұл тек бір нысанның іске қосылуы ғана емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Орталықтандырылған су жүйесінің іске қосылуы Садовое ауылындағы 1 500-ден астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жасайды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.