Мұнда кесене қабырғалары бекітіліп, айналасы ретке келтірілген.

— Бұл кесене — тарихпен етене танысуға үлкен мүмкіндік. Көптеген мазарлар қаладан шалғай орналасқандықтан, оларға жету қиынға соғады. Ал Игілік би кесенесі Қарағандыға жақын болғандықтан, келушілерге қолайлы, — деп атап өтті Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Жанболат Мәжитов.
Қазір төрт нысанда жұмыс жүріп жатыр. Шет ауданында Олжадәулен мен Баубек батыр мазарлары абаттандырылып жатыр.

Ақтоғай ауданында — Асылбек қорымы, Нұра ауданында — Шонжар мазары қайта жөнделуде. Консервациялық және реставрациялық жұмыстарды қазан айында аяқтау жоспарланған.

— Біз қажет жерлерде қабырғаларды қалпына келтіріп, мал кіріп кетпеуі үшін қоршаулар орнатамыз. Бұл, бір жағынан, тарихи әрі археологиялық ескерткіштерді сақтауға сеп болса, екінші жағынан, оларды туристер үшін тартымды етеді, — дейді Жанболат Мәжитов.
Облыстағы археологиялық ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Өңір үшін аса маңызды бірқатар қорымдар мен кесенелерді абаттандыру жоспарланған.
Айта кетелік Қарағанды облысындағы Байқасқа-2 қорғанынан ерекше археологиялық олжалар табылған еді.

