Мьянма өзіндік мәдениеті, бірегей дәстүрі бар және геостратегиялық тұрғыдан маңызды ел. Қос мемлекет жаһандық көлік бағыттарының тоғысқан тұсында орналасқан.
Президент мейманға Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету аясындағы стратегиялық міндеттері туралы мәлімет берді.
Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы, ІТ және цифрландыру секілді маңызды салаларда өзара ықпалдастық перспективасына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразияның басты транзит торабы ретінде «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Солтүстік – Оңтүстік және Орта дәліз көлік бағыттарын дамытуға белсенді түрде атсалысып жатыр.
Осыған орай кездесуде екі ел арасындағы көлік байланысын жолға қоюдың өзектілігіне назар аударылды. Бұл сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мин Аун Хлайнды Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық саясатымен таныстырды.
Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты, толеранттылық ұстанымы, сондай-ақ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу бастамасы жөнінде баяндады.
Мин Аун Хлайн Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара мүддеге сай бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастық орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін растады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жаңа серіктес: Мьянма жайлы 5 сұрақ туралы жазған едік.