Форумға қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде Премьер-министр Президенттің Ұлттық құрылтайда белгілеп берген «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бүгінде Қазақстан қоғамының дамуындағы басты бағытына айналғанын атап өтті.
Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің маңызы артып, қоғам дамуының негізі саналатын адал еңбекке құрметтің белгісіне айналды. Қазір елде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтар және басқа да сала өкілдері бар.

Үкімет жұмысшы мамандықтары иелеріне әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Еңбек жағдайлары жақсартыла отырып, ондағы процестер автоматтандырылуда. Техникалық білім беру жүйесі реформаланып, кәсіби стандарттар жаңартылуда. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып келеді.

Жұмысшы мамандықтарына арнап жайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамның бірі – Президент бастамасымен Отбасы банкінде арнайы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының іске қосылғаны болды. Бүгінде бұл бағдарлама арқылы 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар цифрлық технологияларды дамыту – ерекше назарда.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын инновациялық даму жолында көреді. Ол халыққа Жолдауында ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллектіні белсенді енгізуді басымдық ретінде айқындады. Алдыңғы қатарға жаңа технологиялар шығады. Бұл – экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сапасын одан әрі жақсартуға кең мүмкіндік. Инновациялық шешімдер өнеркәсіпке, көлік саласына, медицинаға, білім беруге және басқа да көптеген салаларға енгізіліп жатыр. Барлық жасалып жатқан шара қуатты Цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет жүргізіп отырған цифрлық прогреске қол жеткізу жұмыстары аясында кадрларды даярлау және кәсіби-техникалық білім беруді дамыту басты назарда болып отыр. Биыл 9-сынып түлектерінің 100%-ы геология, машина жасау, энергетика, көлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін білім алумен қамтылды. Соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті. Колледждерде материалдық-техникалық база жаңартылды, студенттердің жатақханамен қамтылуы шамамен 90%-ға жетті.

Үкімет азаматтарға жаңа дағдыларды игеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға барлық жағдайды жасауға мүдделі. Елдің барлық өңірінде білім беру мекемелері мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Колледждерді қамқорлыққа алған кәсіпорындардың саны 8 есе артты, бизнеспен жасалатын дуалды келісімшарттар саны 2 есе көбейді.
Іс-шара барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Ол әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуде және еңбек нарығының инклюзивті әрі тұрақты дамуына жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді ұйымдарының маңыздылығын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестер осы диалогты дамытып, әрі қарайғы қадамдарды анықтап, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда. Сондай-ақ «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов сөз сөйледі.

Форум аясында ұйымдастырылған көрмеде Премьер-министр қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өндіріс процесіне озық технологияларды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты. «QARMET», «Қазақмыс», «Қазцинк» және ERG компаниялары жоғары технологиялық салаларға арналған металлургиялық өнім шығару, өндірістерде мониторинг жүйесін енгізу, байыту фабрикаларының цифрлық үлгілерін жасау және тағы да басқа жобаларын таныстырды.
Бизнестің бастамалары өндіріс үдерістерін «ақылды» басқаруға және барынша тиімділікке қол жеткізуге, сондай-ақ колледждерді қолдау арқылы кәсіби кадрларды даярлауға, онда заманауи оқу кабинеттері мен шеберханаларды ашуға бағытталған.
Форум қорытындысы бойынша жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Оның негізгі мақсаты – еңбек адамын бағалау. Бұл туралы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Ақмарал Ауғанова айтты.
– Еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан Президентімізге алғысымды білдіремін. Мен 43 жыл жұмыс істеп, құрметті еңбек демалысына шықтым. 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады ғой. Осының негізінде қосымша мамандықтар пайда болады деп ойлаймын. Менің ойымша бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміз дамып, өркендеп, жастарымыз биік белестерді бағындыра берсін, — деді ол.
Айта кетейік, Астанада Еңбек күніне орайластырылған «Жұмысшы мамандықтар жылында оқудан еңбекке тиімді көшу үшін серіктестер диалогы — 2025» атты халықаралық конференция басталды.
Үш күн бойы қазақстандық және халықаралық сарапшылар жастардың еңбек нарығына шығуына көмектесетін озық тәжірибелерді, саяси тәсілдерді және инновациялық шешімдерді талқылайды. Әсіресе еуропалық ESCO моделіне негізделген Цифрлық құзыреттер банкін енгізуге де баса көңіл бөлініп отыр яғни Еуропада маман қалай даярланса, Қазақстанда да сол стандарттар сақталады.