Құны 12 млрд теңгеден асатын жоба (2024–2026 жж.) бір мезетте 100 мың тонна астық сақтайтын элеваторды жаңғыртуды, тәулігіне 400 тонна шикізат өңдейтін майсығу зауытын, тәулігіне 2 500 тонна астық өңдейтін құрамажем зауытын және тәулігіне 300 тонна өнім шығаратын ұн комбинатын қамтиды.

Қазіргі уақытта элеваторды жаңғырту және 1000 контейнерге арналған терминал құрылысы аяқталуға жақын, сондай-ақ құрамажем зауытының бірінші кезеңі іске қосылуда. 6,5 мың шаршы метр қоймалар салынды, ұзындығы 5,9 шақырым болатын теміржол жолдары жаңартылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, қазір ұн тарту және май өңдеу цехтарының жабдықтары орнатылып жатыр. Кешен толық жобалық қуатын игергеннен кейін жылына 840 мың тонна құрамажем, 59 мың тонна жоғары сұрыпты ұн, 31 мың тонна бидай кебегі, 54,6 мың тонна өсімдік майы, 61,6 мың тонна күнжара, 17,5 мың тонна түйіршіктелген қауыз өндірілетін болады.
– Қапшағай Бидай өнімдері» жобасы – қайта өңдеу қуаттарын жаңғырту мен экспортты ұлғайтудың ауыл шаруашылығын және жалпы ел экономикасын дамытуға қалай ықпал ететінінің жарқын дәлелі. Қытайға алғашқы өнім топтамасын жөнелту Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің жоғары әлеуетінің айқын көрсеткіші. Біз ел ішінде қайта өңдеуді арттырып, қосылған құн қалыптастыратын жобаларды әрдайым қолдайтын боламыз, – деп атап өтті министр.
Жоба Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру тұрғысынан айрықша маңызды. Қазірдің өзінде «Қапшағай Бидай өнімдері» серіктестігінде Қытайға жөнелтілетін алғашқы өнім легі дайын.

Бұл ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Жалпы алдағы бес жыл ішінде компания жақын шетелдерге 2 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қытай Қазақстан ұнын көптеп сатып ала бастады.