Қадағалау органының мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі нақты бір әлеуметтік топқа жататын адамдармен байланысты. Зерттеу қорытындысы бойынша, жанжалқойлардың негізгі бөлігі — 30-50 жас аралығындағы ерлер. Олар әдетте жұмыссыз немесе уақытша ғана табысы бар.
Прокуратура өкілдері жанжалқойлардың мінез-құлқында авторитарлық басым, өз ойын күшпен дәлелдеуге бейім, өзін-өзі бақылау деңгейі төмен екенін айтады. Мұндай адамдар көбіне отбасы мүшелеріне – жұбайына және балаларына қарсы агрессия танытады, бірақ қоғамдық ортада сабырлы көрінуі мүмкін.
Сондай-ақ, прокуратура ішкі істер органдарымен бірге жүргізген сараптама нәтижесінде тұрмыстық қылмыстардың 70% астамы алкогольдік мас күйде жасалатыны анықталды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, ішкілікке салынғандардың көпшілігі бірнеше рет профилактикалық есепке алынып, арнайы емдеу мекемелеріне жіберілсе де, нақты оң нәтижеге қол жеткізу қиын.
СҚО аумағындағы маскүнемдерді емдеуге мамандандырылған жалғыз мекеме Жамбыл ауданында орналасқан.
— Бір науқас бұл мекемеге үш-төрт рет түсуі мүмкін. Емделу мерзімі 18 айға дейін ұзарып кеткен жағдайлар бар. Мекемеде 45 камера бар, бірақ ондағы жазбаларды ешкім бақыламайды. 11 қыркүйек күні мекемеде бір науқас асылып қалды. Жыл сайын мұнда жарты млрд теңге бөлінеді, бірақ ол өзін ақтап отырған жоқ, — дейді СҚО прокурорының орынбасары Александр Трикачев.
Бұған дейін Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуына тұрмыстық зорлық-зомбылық басты себеп екенін жазған едік.