Сарапшылар оны апатты әрі тұруға қауіпті деп танығанымен, тұрғындардың көбі пәтерлерін босатудан үзілді-кесілді бас тартуда. Олар ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен баспанада өмір сүріп, өз күшімен үйді күтіп-ұстап келгенін айтып, «қалай да осында қаламыз» деп табандап отыр.
№149-153 үйді жұрт көптен бері «өткеннің елесі» деп атайды. Бір кездері мұнда өмір қайнап жатса, уақыт өте кіреберістер қаңырап бос қалды, төбесі ағып, коммуникациялар істен шықты.
Бүгінде тек төрт кіреберіс қана тұрғындарға жарамды. Қоныс аудармағандар су, жарық, кәріз жүйесін өз қаражаттарына жөндеп, шатырды жамап, жылу қосуға да әрекеттенген. Бірақ адамдар бар күшін салып, жөндеу жұмыстарын аяқтай бергенде әкімдік арнайы сараптама жасатып, үй апатты жағдайда деген қорытынды алды.

Билік өкілдері тұрғындарға бұл жерде қалу қауіпті екенін ескертіп отыр.
– Күйеуім – екінші топтағы мүгедек, өзімнің жүрегім ауырады. Бізді жатақханаға немесе интернатқа көшіруге болмайды, денсаулығымыз көтермейді. Қажет болса, тыйым сала берсін, бірақ біз дұрыс пәтер берілгенше осы жерде қаламыз, – дейді тұрғын Галина Фадеева.
Бұл пікірді Вера Ткаченко да қолдайды.
– Үй құламайды. Қаласаңыздар, қолхат жазып берейік. Жеті жыл бойы қабырғаларды сылап отырмыз, бірақ бірде-бір жаңа жарық пайда болған жоқ, – дейді ол.

Азаматтар өз өмірлеріне жауап беруге дайын екенін айтып, құжат рәсімдеп, жаңа пәтер кілтін алғанша кемінде екі ай уақыт сұрайды.
– Біз осында талай жыл күн кештік. Тағы аз уақыт тұрып, кейін ғана тыныш көшкіміз келеді, – дейді тұрғын Кристина Смагина.
Алайда Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр бұл пікірмен келіспейді.
– Үйдің тірек конструкциялары бұзылған, ол кез келген сәтте құлап қалуы ықтимал. Біз үшін ең маңыздысы – азаматтардың өмірі мен денсаулығы. Сондықтан көшіру туралы шешім қабылданды, – деп түсіндірді ол.

Әкімдіктің дерегінше, уақытша баспана шын мәнінде үйде тұрып жатқан 17–20 отбасына ғана берілмек. Қалада пәтер қоры бар: РТИ шағын ауданында жаңа 150 үй салынған, соның үштен бірі апатты үйдің тұрғындарына бөлінуі мүмкін. Бірақ ол үшін заңға сәйкес кезекке тұрып, барлық рәсімдерді өту қажет.
– Барлығына баспана жеткілікті. Бірақ біз заңды сақтауымыз керек. Артықшылық – жалғыз баспанасы барларға беріледі. Ең ұзақ дегеннің өзінде екі ай ғана күту керек, – деді Дарын Бұлқайыр.
Ал тұрғындар мектеп не жатақханадағы уақытша бөлмелерге көшуге үзілді-кесілді қарсы. Олар мұндай жерлерде санитарлық жағдайдың төмендігіне, қарттар мен балаларға қолайсыз орта болады деп алаңдайды.
Осылайша Сарандағы даулы жағдайдың әлі де ортақ шешімі табылған жоқ: бір тарап үй кез келген сәтте қирайды деп қауіптенсе, екінші тарап «біздің баспанамыз әлі ұзақ жыл тұрады» деп сенеді. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар – тұрғындар жаңа пәтердің кілті қолдарына тигенше үйден кетпейміз деп отыр.
Еске салсақ, «Қазақстан аумағында апатты жағдайдағы үйлердің саны қанша және олар көбіне қай өңірлерде?» деген сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берген болатын.