— Қазіргі кезде әуе көлігімен тасымал саласында шешімін таппай келе жатқан мәселе — еліміздегі авиаотынның тапшылығы. Бұл өз кезегінде тасымал құнын арттырып, аймақтың әуе қатынасының бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Қымбат авиаотынға байланысты көптеген халықаралық рейс экономикалық тұрғыда тиімсіз болды. Соның салдарынан авиациялық логистиканы қажет деңгейде дамыту мүмкін болмай отыр. Бұл жағдай өңірлік және халықаралық сауданы шектеп, туризм ағымын арттыруға кедергі, — деді Сүйіндік Алдашев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жылына 650-700 мың тонна авиациялық керосин шығарылып, 1 млн тоннаға жуық отын тұтынылады. Осы орайда 350 мың тоннадан астам отын Ресей және басқа да елдерден жеткізіледі.
— Ал болашақта жоспарланған Маңғыстау облысындағы авиациялық хаб құрылысы жүзеге асқан кезде, өңірде авиаотын тұтыну көлемі қазіргі 15 мың тоннадан 120-130 мың тоннаға дейін көбеюі мүмкін. Бұдан басқа, дизель отыны мен бензин сияқты жанар-жағармайдың тапшылығына байланысты келешекте болуы мүмкін тәуекелдер өңір әлеуетін арттыру жолындағы жоспарды орындамау қаупін тудыруы ықтимал. Бұл ретте, Үкіметтің болашақта жоспарланған Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімін ұлғайту арқылы мұнайлы Маңғыстау облысының жанар-жағармайға тапшылығын жоямыз деген жоспары аталған өнімдердің қымбаттауына әкеп соғады деген күдік бар. Айта кетсек, қазір өңірде жылына 1,5 млн тонна мұнайдан 700 мың тонна битум шығаратын Ақтау битум зауыты жұмыс істеп тұр. Сол мұнайдың битумнан басқа жеңіл фракциялары өңделмей, шикізат ретінде сыртқа жөнелтіліп отыр, — деді сенатор.
Оның пайымынша, Маңғыстау облысын арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шағын, қуаты жылына 5 млн тоннаға дейінгі мұнай өңдеу зауытының құрылысы стратегиялық маңызды қадам болмақ.
— Шағын МӨЗ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, импорттық мұнай өнімдеріне тәуелділігін азайтып, жанармайдың логистикалық шығындарын қысқартады. Сондықтан Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу жобасына қолдау көрсетуді өңірдің кешенді дамуы мен логистикалық инфрақұрылымын жаңартудың маңызды әрекеті ретінде қарастыруды сұраймыз, — деді депутат.
Бұған дейін төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы неге 2030 жылға шегерілгенін жазған едік.