Президент АҚШ-тың ірі компаниялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, цифрлық трансформациясы және «жасыл» энергетика саласындағы амбициялары туралы нақты әрі сенімді мәлімдемелер жасады.
Осы маңызды оқиғаларға байланысты, АҚШ-тағы Transportation & Supply Chain Entrepreneur ірі транспорт компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Қазыбек Тағабергенов өз кәсіби тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасы негізінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын жан-жақты талдап, еліміздің халықаралық аренадағы орны мен келешек даму перспективалары туралы пікір білдірді.
— Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салған ең ірі инвестор екенін атап өтті. Бұл екі елдің экономикалық ынтымақтастығының қандай деңгейде екенін көрсетеді? Қазақстанда инвестиция тарту үшін қандай мүмкіндіктер жасалған деп ойлайсыз?
АҚШ-тың 100 миллиардтан астам инвестициясы бұл ең алдымен Қазақстанның институционалды тұрақтылығы мен экономикалық әлеуетіне халықаралық инвесторлардың жоғары сенімінің айқын көрінісі. Бизнестің тұрғысынан алғанда, бұл еліміздің заңнамалық және реттеуші базасының айқын, болжамды және құқықтық қорғалатынын білдіреді.
Президенттің бірқатар АҚШ-тағы кездесуі екіжақты қатынастардың стратегиялық маңыздылығын нақты көрсетеді, бұл инвестициялық климаттың оң қалыптасуына ықпал етеді. Қазақстанның минералды ресурстары — уран, мыс, литий, графит сынды аса қажетті металдар жаһандық «жасыл» экономика мен цифрландыру үрдістерінде сұранысқа ие.
Сонымен қатар, еліміздің Еуразия жүрегінде орналасуы бізді маңызды логистикалық орталыққа айналдырады. Индустрия, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында ірі жобаларға қолдау көрсетіліп, арнайы экономикалық аймақтар мен цифрлық инфрақұрылым дамытылып жатыр. Осы факторлар шоғырлануы Қазақстанды инвестиция тартуға тиімді әрі тұрақты елге айналдырады.
— «Қазақтелеком» мен Amazon Kuiper арасындағы 200 млн долларлық келісім жылжымалы байланыс инфрақұрылымын дамытуға және спутниктік байланыс аймағын қалыптастыруға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Бұл келісім Қазақстан мен Орталық Азия үшін ірі стратегиялық жоба. Тек спутниктік интернетке қол жеткізу емес, цифрлық егемендік пен технологиялық тәуелсіздікке бағытталған инфрақұрылымдық серпіліс.
Президенттің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба шалғай аймақтарда, ауылдық жерлерде, шекаралас аудандарда тұрақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын цифрландыру мен муниципалитеттердің «ақылды» қызметтерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар, бұл жоба Қазақстанды аймақтық спутниктік байланыс хабы ретінде қалыптастыруға алғашқы қадам. Еліміз жерүсті станцияларын орналастыру, қызметтерді локализациялау және жабдықтарды логистика жасау үшін тиімді орын ұсына алады. Қажетті нормативтік база мен кадрлық қолдау болса, Қазақстан тек ішкі нарықты ғана емес, Орталық Азия мен одан әрі Оңтүстік Азия елдерін де қамтамасыз ете алады.
— Wabtec компаниясымен 4,2 млрд долларлық келісім теміржол саласын жаңғыртуға арналған үлкен жоба. Мұндай инвестициялар экономиканы әртараптандыру мен қызмет экспортын арттыруға қалай әсер етеді?
Бұл келісім жай теміржол техникаларын жаңарту емес, индустриялық өсудің жаңа моделін қалыптастыру. Қазақстанның географиялық артықшылығын нақты табысқа айналдыру үшін логистиканы модернизациялау керек.
Бұл жоба локомотивтер мен вагондарды сатып алумен қатар, өндірістің бір бөлігін локализациялауға, жоғары білікті кадрлар даярлауға және оларға қатысты салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және машиностроение мен IT сияқты салалардың дамуына серпін береді.
Сондай-ақ, Қазақстан көршілес елдерге транспорттық және инжинирингтік қызметтерді экспорттауға дайындалуда. Қазіргі таңда техниканы сервистеу және оқыту бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Бұл жоба Қазақстанның Жібек жолындағы логистикалық хаб ретінде рөлін нығайтып, Қытай, Ресей, Еуропа мен Таяу Шығыс нарықтарында позициясын күшейтеді.
— Chevron және ExxonMobil компанияларымен келіссөздерде көмірсутектерді өндіруді ұлғайту мәселесі қаралды, бірақ Қазақстан «жасыл» энергетика мен цифрландыруға да басымдық беруде. Бұл екі бағыт арасындағы балансты қалай бағалайсыз?
Қазақстанның прагматикалық балансы өте маңызды. Нарықтық экономика тұрғысынан көмірсутектер елдің макроэкономикалық тұрақтылығы мен инфрақұрылымын дамытуға басты кіріс көзі.
Сонымен бірге, болашақтың энергиясы төмен көміртекті, цифрлық және әртараптандырылған болады деген түсінік қалыптасуда. Сондықтан Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін, сутегі энергетикасын, желі мен энергияны сақтау технологияларын дамытуға белсенді инвестиция салуда.
Уран секторының маңызы ерекше: әлемдегі уран жеткізілімдерінің 40%-ы Қазақстанға тиесілі, оның ішінде АҚШ импортының 24%-ын құрайды. Бұл жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі.
Жеке мен үшін дәстүрлі және жаңа энергетика салалары арасындағы тепе-теңдік ұзақ мерзімді тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттіліктің негізі.
— Қазақстан мен АҚШ C5+ және B5+ форматтарында стратегиялық серіктестікті кеңейтуді келісті. Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлін қалай күшейте алады?
C5+ және B5+ форматтары бұл Қазақстанның аймақтағы көшбасшылық позициясын күшейтетін әрі тұрақтандыратын маңызды стратегиялық механизмдер деп білемін. Бұл форматтар мемлекеттік органдар мен іскерлік қоғамдастық арасында тұрақты диалог пен нақты іс-қимылдарды іске асыруға бағытталған.
Президенттің қатысуы мен осы форматтарды белсенді дамытуы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тиімділігін айқындайды. Бұл серіктестіктер аймақ елдерінің экономикалық интеграциясын тереңдетуге, инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, сондай-ақ инновациялар мен цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Бизнес-формат B5+ аясында трансшекаралық жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктер кеңейеді, бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қазақстанның нарықтық потенциалы, институционалды тұрақтылығы және стратегиялық географиялық орны Орталық Азияның инвестициялық хабы ретінде рөлін бекітеді.
Нәтижесінде, C5+ және B5+ бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы дипломатиялық және экономикалық салмағын арттырып, аймақтағы негізгі ойыншыға айналуына мүмкіндік беретін құралдар.
— Қазақстан Президенті БҰҰ-ның рөлін қолдап, Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталықтың ашылуын қолдады. Бұл қадамды Қазақстанның халықаралық дипломатиялық салмағын арттыру элементі деп қарауға бола ма?
Иә, бұл қадам Қазақстанның «жұмсақ күш» стратегиясының нақты көрінісі. Өңірлік Тұрақты даму мақсаттары орталығының ашылуы Қазақстанның халықаралық аренада жауапты әрі белсенді ойыншы ретінде өзін көрсетіп, аймақтық тұрақтылық пен дамуға бағытталған нақты іс-қимылдарға басшылық етуге дайын екенін білдіреді.
Президенттің осы бастаманы қолдауы да халықаралық қоғамдастық алдындағы беделді нығайтуға, дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және Қазақстанның өз беделін жұмсақ күш арқылы арттыруға бағытталған маңызды стратегия. Бұл орталық елдің дипломатиялық ауқымын кеңейтумен қатар, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен даму мәселелеріне белсенді ықпал етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мұндай бастамалар инвестициялық тартымдылықты арттырады, өйткені инвесторлар үшін тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік пен халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу маңызды. Бұл Қазақстанның «ашық», инновациялық және жаһандық трендтерге икемді ел ретінде имиджін қалыптастырады.
Осылайша, өңірлік орталықтың ашылуы Қазақстанның аймақтық көшбасшылық позициясын нығайтып, оның халықаралық дипломатиялық салмағын жаңа деңгейге көтереді.
Айта кетелік Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық салаларда 5,2 млрд долларлық 11 құжатқа қол қойған еді.