• kk
  • ru
  • Азаптау ісі: Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаев ұсталды

    👁 58

    Қазақстанда коррупцияға қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев азаптау фактісі бойынша күдікке ілініп, ұсталды. Бұл ақпаратты Бас прокуратура ресми түрде растады.

    «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2025 жылғы 3 шілдеде ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы, 2-бөлігі, 1 және 2-тармақтары (азаптау) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен **Т.М. Татубаевты ұстады», — делінген ресми хабарламада.

    Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, қосымша дәлелдемелер жиналып жатыр. Тергеудің басқа мәліметтері ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.


    📌 Талғат Татубаев кім?

    • 1976 жылы 9 қазанда Қарағанды қаласында туған.

    • Құқық қорғау саласында 20 жылдан астам еңбек өтілі бар.

    • Ішкі істер органдарында, Қаржы полициясында, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде, сондай-ақ Бас прокуратурада әртүрлі басшылық қызметтер атқарған.

    • 2016 жылдың қыркүйегі мен 2018 жылдың маусымы аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроны басқарған.

    • Кейінірек Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы болып тағайындалған.

    • «Құрмет» және «Даңқ» ІІ дәрежелі ордендерімен марапатталған.

    • Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың Президенттік кадрлық резервіне енген.


    🔁 Анықтама ретінде:

    2019 жылы ҚР Президентінің шешімімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро Агенттік болып қайта құрылды. Ал 2025 жылғы 30 маусымда Антикоррупциялық қызмет ҰҚК құрамына өтіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды.